Другое

Педагог туралы

  • Педагог мәртебесі туралы

    Қазақстан Республикасының Заңы 2019 жылғы 27 желтоқсандағы № 293-VІ ҚРЗ.

          ЗҚАИ-ның ескертпесі!
          Осы Заңның қолданысқа енгізілу тәртібін 21-баптан қараңыз.
          Қолданушыларға қолайлы болуы үшін ЗҚАИ мазмұнды жасады.

           МАЗМҰНЫ

          Осы Заң педагог мәртебесін айқындайды, педагогтің құқықтарын, әлеуметтік кепілдіктерін және шектеулерін, міндеттері мен жауапкершілігін белгілейді.

    1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар

          Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:

          1) педагог – педагогтік немесе тиісті бейіні бойынша өзге де кәсіптік білімі бар және білім алушыларды және (немесе) тәрбиеленушілерді оқыту және тәрбиелеу, білім беру қызметін әдістемелік қолдау немесе ұйымдастыру бойынша педагогтің кәсіптік қызметін жүзеге асыратын адам;

          2) педагогтік әдеп – педагогтердің Қазақстан Республикасының педагог мәртебесі туралы заңнамасында белгіленген мінез-құлық нормалары;

          3) педагогтік әдеп жөніндегі кеңес – білім беру ұйымында құрылатын, педагогтердің педагогтік әдепті сақтау мәселелерін қарайтын алқалы орган;

          4) тәлімгерлік – педагогтің орта білім беру ұйымында педагогтің кәсіптік қызметіне алғаш рет кіріскен адамға кәсіптік бейімделуіне практикалық көмек көрсету жөніндегі қызметі.

    2-бап. Қазақстан Республикасының педагог мәртебесі туралы заңнамасы

          1. Қазақстан Республикасының педагог мәртебесі туралы заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделеді, осы Заңнан және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінен тұрады.

          2. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта осы Заңда қамтылғандардан өзгеше қағидалар белгіленсе, онда халықаралық шарттың қағидалары қолданылады.

    3-бап. Осы Заңның қолданылу саласы

          Осы Заңның күші мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында, орта (бастауыш, негізгі орта, жалпы орта), техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарында, мамандандырылған, арнаулы білім беру ұйымдарында, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған білім беру ұйымдарында, балаларға қосымша білім беру ұйымдарында, сондай-ақ әдістемелік кабинеттерде кәсіптік қызметін жүзеге асыратын педагогтерге қолданылады.

          Әскери оқу орындарының педагогтеріне осы Заңның күші "Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы" Қазақстан Республикасының Заңында көзделген ерекшеліктермен қолданылады.

    4-бап. Педагог мәртебесі

          1. Қазақстан Республикасында педагогтің ерекше мәртебесі танылады, бұл оның кәсіптік қызметін жүзеге асыруы үшін жағдайды қамтамасыз етеді.

          2. Білім беру саласында кәсіптік қызметін жүзеге асырған және Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен тиісті ұйыммен еңбек қатынастарында болған кезеңде адам педагог мәртебесіне ие болады.

          3. Педагог лауазымдарының тізбесін білім беру саласындағы уәкілетті орган бекітеді.

    5-бап. Педагогтік әдеп

          1. Педагогтік әдеп заңдылық, адалдық, жауапкершілік, жеке адамның ар-намысы мен қадір-қасиетін құрметтеу қағидаттарына негізделеді.

          2. Педагогтік әдепті бұзу тәртіптік теріс қылық болып табылады және педагогті Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына сәйкес тәртіптік жауаптылыққа алып келеді.

          3. Педагогтік әдепті білім беру саласындағы уәкілетті орган бекітеді.

    6-бап. Педагогтің кәсіптік қызметін қамтамасыз ету

          1. Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына сәйкес жұмыс беруші педагогке ол кәсіптік қызметін жүзеге асыру үшін жағдайды қамтамасыз етеді.

          2. Педагог кәсіптік қызметін жүзеге асыру кезінде:

          1) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларды қоспағанда, оны кәсіптік міндеттерімен байланысты емес жұмыс түрлеріне тартуға;

          2) одан Қазақстан Республикасының білім беру саласындағы заңнамасында көзделмеген есептілікті не ақпаратты талап етіп алдыруға;

          3) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделмеген тексерулер жүргізуге;

          4) оған тауарлар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алу бойынша міндетті жүктеуге жол берілмейді.

          3. Мемлекеттік орта білім беру ұйымдарының педагогтерін олар кәсіптік қызметін жүзеге асыру кезінде мемлекеттік емес ұйымдардың іс-шараларын өткізуге тартуға жол берілмейді.

    7-бап. Педагогтің кәсіптік қызметін жүзеге асыру кезіндегі құқықтары

          1. Кәсіптік қызметін жүзеге асыру кезінде педагогтің:

          1) тиісті білім беру деңгейінің мемлекеттік жалпыға міндетті стандартының талаптары сақталған кезде кәсіптік қызметті ұйымдастырудың тәсілдері мен нысандарын еркін таңдауға;

          2) лауазымды адамдар және басқа да тұлғалар тарапынан заңсыз араласудан және кедергі келтіруден қорғалуға;

          3) білім алушылар, тәрбиеленушілер және олардың ата-анасы немесе өзге де заңды өкілдері тарапынан кәсібіне құрметпен қаралуына және тиісінше мінез-құлық көрсетілуіне;

          4) кәсіптік қызметін жүзеге асыру үшін ұйымдастырушылық және материалдық-техникалық қамтамасыз етілуге және қажетті жағдайлардың жасалуына;

          5) ғылыми, зерттеу, шығармашылық, эксперименттік қызметті жүзеге асыруға, педагогтік практикаға жаңа әдістемелер мен технологияларды енгізуге;

          6) тиісті білім беру деңгейінің мемлекеттік жалпыға міндетті стандартының талаптары сақталған кезде шығармашылық бастамаға, оқыту мен тәрбиелеудің авторлық бағдарламалары мен әдістерін әзірлеуге және қолдануға, оқыту мен тәрбиелеудің жаңа, неғұрлым жетілдірілген әдістерін дамытуға және таратуға;

          7) білім беру бағдарламасына сәйкес оқыту мен тәрбиелеудің оқу құралдарын, материалдарын және өзге де құралдарын таңдауға;

          8) білім беру бағдарламаларын, оқу жоспарларын, білім беру қызметінің әдістемелік материалдары мен өзге де құрауыштарын, сондай-ақ оқулықтарды, оқу-әдістемелік кешендер мен оқу құралдарын әзірлеуге қатысуға;

          9) жұмыс орны бойынша сайланбалы лауазымға сайлануға және оны атқаруға;

          10) білім беру сапасын жетілдіруге бағытталған, оның ішінде білім беру ұйымының қызметіне қатысты мәселелерді талқылауға қатысуға;

          11) білім беру ұйымын басқарудың алқалы органдарының жұмысына қатысуға;

          12) бес жылда бір реттен сиретпей біліктілігін арттыруға;

          13) үздіксіз кәсіптік дамуға және біліктілікті арттыру нысандарын таңдауға;

          14) біліктілік санатының мерзімінен бұрын берілуіне;

          15) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен жеке педагогтік қызметке;

          16) кәсіптік қызметіндегі табыстары үшін көтермеленуге;

          17) "Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес әскери қызметке шақыруды кейінге қалдыруға;

          18) Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалған тәртіппен және шарттарда кәсіптік дағдыларын сақтап-тұру және арттыру үшін "Болашақ" халықаралық стипендиясы бойынша тағылымдамадан өтуге;

          19) өзіне қатысты қабылданатын ұйым басшысының актілеріне, әрекеттеріне және шешімдеріне жоғары тұрған лауазымды адамдарға немесе сотқа шағым жасауға;

          20) білім алушылар, тәрбиеленушілер және олардың ата-анасы немесе өзге де заңды өкілдері тарапынан ар-намысы мен қадір-қасиетіне құрмет көрсетілуіне құқығы;

          21) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де құқықтары бар.

          2. Педагогтің осы баптың 1-тармағында көзделген құқықтарын жүзеге асыру басқа адамдардың құқықтары мен бостандықтарын бұзбауға тиіс.

    8-бап. Педагогтің материалдық қамтамасыз етілу құқығы

          1. Мемлекеттік ұйымдарда кәсіптік қызметін жүзеге асыратын педагогке еңбегіне ақы төлеу жүйесі, лауазымдық айлықақылар, қосымша ақылар, үстемеақылар және ынталандыру сипатындағы басқа да төлемдер Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен айқындалады.

          Жекеменшік білім беру ұйымдарында кәсіптік қызметін жүзеге асыратын педагогтердің еңбегіне ақы төлеуді олардың құрылтайшылары немесе соған уәкілеттік берілген адам Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес айқындайды.

          2. Мемлекеттік ұйымдар педагогтерінің жалақысын есептеу қағидаларын білім беру саласындағы уәкілетті орган еңбек жөніндегі уәкілетті мемлекеттік органмен келісу бойынша бекітеді.

          3. Мемлекеттік білім беру ұйымдарында кәсіптік қызметін жүзеге асыратын педагогтердің айлық жалақысын есептеу үшін бір аптаға нормативтік оқу жүктемесі:

          ЗҚАИ-ның ескертпесі!
          1) тармақша 01.09.2021 бастап қолданысқа енгізіледі - ҚР 26.12.2019 № 293-VI Заңымен.

          1) 16 сағат – орта білім беру ұйымдары үшін;

          2) 18 сағат:

          ЗҚАИ-ның ескертпесі!
          2) тармақшаның екінші абзацының осы редакциясы 01.09.2021 дейін тоқтатыла тұрады - ҚР 26.12.2019 № 293-VI Заңымен (қолданыстағы редакциясын осы Заңның № 293-VI қараңыз).

          техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдары үшін;

          білім алушылар мен тәрбиеленушілерге қосымша білім беру ұйымдары үшін;

          мамандандырылған және арнаулы білім беру ұйымдары үшін;

          3) 24 сағат:

          мектепке дейінгі ұйымдар, мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың мектепалды топтары, білім беру ұйымдарының мектепалды сыныптары үшін;

          балалар мен жасөспірімдердің спорттық білім беру ұйымдары үшін;

          4) 30 сағат – интернаттық ұйымдардың, демалыс лагерьлерінің, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдары жатақханаларының тәрбиешілері үшін;

          5) 25 сағат – арнайы білім беру ұйымдарының және жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған білім беру ұйымдарының тәрбиешілері үшін белгіленеді.

          4. Мемлекеттік ұйымдардың педагогіне негізгі жұмыс орны бойынша:

          философия докторы (PhD), бейіні бойынша доктор дәрежесі үшін – республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және тиісті қаржы жылының 1 қаңтарына қолданыста болатын айлық есептік көрсеткіштің 17 еселенген мөлшерінде;

          ғылым кандидаты ғылыми дәрежесі үшін – республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және тиісті қаржы жылының 1 қаңтарына қолданыста болатын айлық есептік көрсеткіштің 17 еселенген мөлшерінде, ғылым докторы ғылыми дәрежесі үшін айлық есептік көрсеткіштің 34 еселенген мөлшерінде қосымша ақы белгіленеді.

          5. Мемлекеттік орта білім беру ұйымында кәсіптік қызметін жүзеге асыратын педагогке негізгі жұмыс орны бойынша ғылыми-педагогикалық бағыт бойынша магистр дәрежесі үшін республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және тиісті қаржы жылының 1 қаңтарына қолданыста болатын айлық есептік көрсеткіштің 10 еселенген мөлшерінде қосымша ақы белгіленеді.

          6. Жергілікті атқарушы органдар педагогтерге республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және тиісті қаржы жылының 1 қаңтарына қолданыста болатын айлық есептік көрсеткіштің кемінде 300 еселенген мөлшерінде сыйақы түрінде қосымша ынталандыру төлемдерін белгілеуге құқылы.

    9-бап. Педагогтің көтермеленуге құқығы

          1. Адал еңбегі және өзінің кәсіптік міндеттерін үлгілі орындағаны үшін педагогке Қазақстан Республикасының заңнамасында, сондай-ақ ұйымның ішкі тәртіп қағидаларында көзделген көтермелеулер қолданылады.

          2. Педагогтің аса үздік жетістіктері және Қазақстан Республикасына сіңірген айрықша еңбегі үшін оған "Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградалары туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес мемлекеттік наградалар, оның ішінде "Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы" құрметті атағы беріледі.

          "Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы" құрметті атағына ие болған педагог республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және тиісті қаржы жылының 1 қаңтарына қолданыста болатын айлық есептік көрсеткіштің 1000 еселенген мөлшерінде біржолғы төлем алады.

          3. Білім беру саласындағы уәкілетті орган айқындайтын тізбе бойынша білім алушылар мен тәрбиеленушілер арасындағы халықаралық олимпиадалардың, конкурстардың және спорттық жарыстардың жеңімпазын, жүлдегерін дайындаған педагогке тиісті мемлекеттік білім беру ұйымының қызметі бойынша үнемдеу есебінен үш лауазымдық айлықақы мөлшерінде біржолғы сыйақы төленеді.

          4. Жергілікті атқарушы органдар біржолғы сыйақы төлей отырып немесе онсыз, жергілікті ерекшелік белгілері мен құрметті атақтарды тағайындау және ынталандырудың өзге де нысандары арқылы, оның ішінде Қазақстан Республикасында белгіленген мерекелік күндерге орай педагогтерді көтермелеудің қосымша шараларын белгілеуге құқылы.

          Жергілікті ерекшелік белгілері мен құрметті атақтардың сипаттамасын, оларды беру тәртібін, оның ішінде біржолғы сыйақы төлемдерінің мөлшерін жергілікті атқарушы орган айқындайды.

          5. Жыл сайын республикалық бюджет қаражаты есебінен "Үздік педагог" атағын иеленушіге Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын мөлшерде және тәртіппен сыйақы төленеді.

    10-бап. Педагогтік қайта даярлау

          1. Педагогтік білімі жоқ, тиісті бейіні бойынша педагогтің кәсіптік қызметіне алғаш рет кірісетін кәсіптік білімі бар адамдар жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының базасында педагогтік қайта даярлаудан өтеді.

          2. Педагогтік қайта даярлау тәртібін білім беру саласындағы уәкілетті орган айқындайды.

          3. Осы баптың нормалары қосымша білімнің білім беру бағдарламалары бойынша педагогтің кәсіптік қызметін жүзеге асыратын адамдарға қолданылмайды.

    11-бап. Педагогтің кәсіптік қызметімен айналысуға қол жеткізуді шектеу

          Педагогтің кәсіптік қызметіне:

          1) соттың заңды күшіне енген үкіміне сәйкес педагогтің кәсіптік қызметін жүзеге асыру құқығынан айырылған;

          2) Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен әрекетке қабілетсіз немесе әрекет қабілеті шектеулі деп танылған;

          3) медициналық қарсы көрсетілімдері бар, психиатриялық және (немесе) наркологиялық есепте тұрған;

          4) техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары немесе жоғары оқу орнынан кейінгі білімі туралы құжаттары жоқ адамдар;

          5) Қазақстан Республикасының Еңбек кодексінде көзделген өзге де шектеулер негізінде жіберілмейді.

    12-бап. Әлеуметтік кепілдіктер

          1. Педагогтерге:

          1) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тұрғынжайға, оның ішінде қызметтік тұрғынжайға және (немесе) жатақханаға;

          2) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген тәртіппен жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер учаскелеріне кепілдік беріледі.

          Ауылдық елді мекендерде кәсіптік қызметін жүзеге асыратын педагогтерге жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер учаскелерін беру Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген басымдық тәртіппен жүзеге асырылады;

          3) ұзақтығы күнтізбелік 56 күн жыл сайынғы ақы төленетін еңбек демалысына;

          4) өздеріне кезекті еңбек демалысы берілген кезде күнтізбелік жылда бір рет кемінде бір лауазымдық айлықақы мөлшерінде сауықтыруға арналған жәрдемақыға кепілдік беріледі.

          2. Педагогтің жұмыс уақыты мен демалыс уақыты режимінің ерекшеліктері білім беру саласындағы уәкілетті орган тиісті саланың уәкілетті органдарымен келісу бойынша бекітетін қағидаларда айқындалады.

          3. Педагогтердің балаларына тұрғылықты жері бойынша мектепке дейінгі ұйымдардан орындарды жергілікті атқарушы органдар бірінші кезектегі тәртіппен береді.

          4. Педагог Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласындағы заңнамасына сәйкес денсаулық сақтау саласындағы құқықтарды қамтамасыз ететін әлеуметтік кепілдіктерді иеленеді.

          5. Ауылдық елді мекенде кәсіптік қызметін жүзеге асыратын педагогке:

          1) жергілікті өкілді органдардың шешімі бойынша қала жағдайында кәсіптік қызметін жүзеге асыратын педагогтердің ставкаларымен салыстырғанда айлықақылар мен тарифтік ставкалар кемінде жиырма бес пайызға арттырылып белгіленеді;

          2) жергілікті өкілді органдар бекіткен тәртіппен және мөлшерде бюджет қаражаты есебінен коммуналдық көрсетілетін қызметтерге ақы төлеу және отын сатып алу бойынша әлеуметтік қолдау көрсетіледі.

          6. Ауылдық елді мекендерге кәсіптік қызметін жүзеге асыру және тұру үшін келген педагогке жергілікті өкілді органдардың шешімі бойынша көтерме жәрдемақы және тұрғын үй сатып алу немесе салу үшін әлеуметтік қолдау көрсетіледі.

          7. Жергілікті атқарушы органдар педагогке тұрғынжайды жалдау (жалға алу) үшін және коммуналдық көрсетілетін қызметтерге өтемақы төлемдерін, санаторийлік-курорттық емделуге және демалуға жолдама сатып алу үшін толық немесе ішінара төлемдер, сондай-ақ педагогті әлеуметтік қолдауға бағытталған өзге де жеңілдіктер белгілеуге құқылы.

    13-бап. Тәлімгерлік

          1. Орта білім беру ұйымында кәсіптік қызметіне алғаш рет кіріскен педагогке бір оқу жылы кезеңіне тәлімгерлікті жүзеге асыратын педагог бекітіліп беріледі.

          Тәлімгерлікті жүзеге асырғаны үшін педагогке Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен қосымша ақы төленеді.

          2. Тәлімгерлікті ұйымдастыру тәртібін және тәлімгерлікті жүзеге асыратын педагогтерге қойылатын талаптарды білім беру саласындағы уәкілетті орган айқындайды.

    14-бап. Педагогке біліктілік санатын беру (растау)

          Педагогтерге біліктілік санаттар білім беру саласындағы уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен беріледі (расталады).

    15-бап. Педагогтің міндеттері

          1. Педагог:

          1) өз қызметінде тиісті кәсіптік құзыреттерді меңгеруге;

          2) оқыту мен тәрбиелеудің педагогтік қағидаттарын сақтауға, оқыту мен тәрбиелеудің сапасын мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттарында көзделген талаптардан төмен емес деңгейде қамтамасыз етуге;

          3) өзінің кәсіптік шеберлігін, зерттеу, зияткерлік және шығармашылық деңгейін үздіксіз жетілдіруге, оның ішінде біліктілік санаты деңгейін бес жылда бір реттен сиретпей арттыруға (растауға);

          4) педагогтік әдепті сақтауға;

          5) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен міндетті мерзімдік медициналық қарап-тексерулерден өтуге;

          6) білім алушылардың, тәрбиеленушілердің және олардың ата-анасының немесе өзге де заңды өкілдерінің ар-намысы мен қадір-қасиетін құрметтеуге;

          7) балаларды заңға, адамның және азаматтың құқықтарына, бостандықтарына, ата-анасына, үлкендерге, отбасылық, тарихи және мәдени құндылықтарға, мемлекеттік рәміздерге құрмет көрсету, жоғары имандылық, патриоттық, қоршаған ортаға ұқыпты қарау рухында тәрбиелеуге;

          8) білім алушылар мен тәрбиеленушілердің өмірлік дағдыларын, құзыреттерін, өздігінен жұмыс істеуін, шығармашылық қабілеттерін дамытуға және саламатты өмір салты мәдениетін қалыптастыруға;

          9) білім беру ұйымының басшылығына өмірлік қиын жағдайда жүрген баланың анықталу фактілері туралы дереу хабарлауға;

          10) құқық қорғау органдарына және білім беру ұйымының басшылығына қылмыстық не әкімшілік құқық бұзушылық белгілері бар әрекеттерді (әрекетсіздікті) кәмелетке толмағандардың жасау немесе оларға қатысты жасалу, оның ішінде білім беру ұйымынан тыс жерде кәсіптік қызметіне байланысты өзіне белгілі болған фактілер туралы дереу хабарлауға;

          11) білім алушылар мен тәрбиеленушілерді оқыту және тәрбиелеу мәселелері бойынша ата-анасына немесе өзге де заңды өкілдеріне консультация беруге міндетті.

          2. Педагог білім беру процесін саяси үгіттеу, білім алушылар мен тәрбиеленушілерді саяси, діни немесе өзге де сенім-нанымдарды қабылдауға не олардан бас тартуға мәжбүрлеу үшін, әлеуметтік, нәсілдік, ұлттық немесе діни алауыздықты қоздыру, әлеуметтік, нәсілдік, ұлттық, діни немесе тілдік тиесілік белгісі, дінге көзқарасы бойынша азаматтардың ерекшелігін, астамшылығын не кемшіндігін насихаттайтын, оның ішінде білім алушыларға Қазақстан Республикасының ұлттары мен ұлыстарының тарихи, ұлттық, діни және мәдени дәстүрлері туралы анық емес мәліметтерді хабарлау арқылы үгіттеу үшін, сондай-ақ білім алушыларды Қазақстан Республикасының Конституциясына және Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келетін әрекеттерге итермелеу үшін пайдалануға құқылы емес.

    16-бап. Педагогтік әдеп жөніндегі кеңес

          1. Педагогтік әдеп жөніндегі кеңестің қызметі білім беру саласындағы уәкілетті орган бекітетін педагогтік әдеп жөніндегі кеңестің жұмысын ұйымдастырудың үлгілік қағидалары негізінде білім беру ұйымы айқындайтын тәртіппен жүзеге асырылады.

          2. Педагогтік әдеп жөніндегі кеңестің шешімдері ұсынымдық сипатта болады.

          Педагогті тәртіптік жауаптылыққа тарту туралы шешім педагогтік әдеп жөніндегі кеңестің ұсынымы ескеріле отырып, білім беру ұйымы басшысының актісімен қабылданады.

          3. Педагогтік әдепті сақтау туралы мәселе қаралған кезде педагогтің:

          1) қаралып отырған мәселе туралы ақпаратты жазбаша түрде алуға;

          2) қаралып отырған мәселе бойынша барлық материалдармен танысуға;

          3) өз құқықтары мен заңды мүдделерін Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен жеке өзі немесе өкілі арқылы заңға қайшы келмейтін барлық тәсілдермен қорғауға;

          4) шешімді жазбаша түрде алуға;

          5) қабылданған шешімге Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен шағым жасауға құқығы бар.

          4. Педагогке қатысты талқылаулар және олардың негізінде қабылданған шешімдер оның келісімімен ғана жариялануы мүмкін.

    17-бап. Педагогті кәсіптік даярлау

          1. Педагогті кәсіптік даярлау техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарында жүзеге асырылады.

          2. Педагогтерді кәсіптік даярлаудың білім беру бағдарламалары педагогтің кәсіптік стандартының талаптары негізінде әзірленеді.

    18-бап. Педагогтің біліктілігін арттыру

          1. Педагог бұрын алған кәсіптік құзыреттерін сақтап-тұру және дамыту мақсатында біліктілігін арттыру курстарынан өтеді, олардан өту тәртібін білім беру саласындағы уәкілетті орган айқындайды.

          2. Педагогтің біліктілігін арттыру мақсатында қосымша білімнің білім беру бағдарламалары бойынша оқыту бір жолы немесе кезең-кезеңмен жекелеген бағыттар мен пәндерді (модульдерді) меңгеру арқылы, сондай-ақ "Болашақ" халықаралық стипендиясы бойынша тағылымдамадан өту жолымен жүзеге асырылады.

          3. Педагогтер алған білімін практикада іске асыруы үшін біліктілікті арттыру курстарын өткізетін ұйымдар білім беру саласындағы уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен педагогтер қызметін курстан кейінгі қолдауды тегін жүзеге асырады.

    19-бап. Қазақстан Республикасының педагог мәртебесі туралы заңнамасын бұзғаны үшін жауаптылық

          Қазақстан Республикасының педагог мәртебесі туралы заңнамасын бұзу Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауаптылыққа алып келеді.

    20-бап. Өтпелі ережелер

          Осы Заңның 8-бабы 3-тармағы 2) тармақшасы екінші абзацының қолданысы 2021 жылғы 1 қыркүйекке дейін тоқтатыла тұрсын, тоқтатыла тұру кезеңінде осы абзац мынадай редакцияда қолданылады деп белгіленсін:

          "орта білім беру ұйымдары мен техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдары үшін;".

    21-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу тәртібі

          Осы Заң, 2021 жылғы 1 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізілетін 8-баптың 3-тармағының 1) тармақшасын қоспағанда, алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

          Қазақстан Республикасының
    Президенті

    Қ. ТОҚАЕВ




    © 2012. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің «Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты» ШЖҚ РМК

  •                                                                            Бұйрыққа 1 қосымша

    Педагогикалық әдеп қағидалары

    1-тарау. Жалпы ережелер

    1. Осы Педагогикалық әдеп қағидалары (бұдан әрі -Педагогикалық әдеп) «Білім туралы» 2007 жылғы 27 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңыныңжәне«Педагог мәртебесі туралы» 2019 жылғы 27 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Заңының ережелеріне сәйкес әзірленді, сондай-ақ Қазақстан Республикасының жалпыға бірдей танылған адамгершілік қағидаттары мен нормаларына негізделген.

    2. Педагогикалық әдеп білім беру ұйымдарының педагогтері басшылыққа алатын педагогикалық әдеп қағидаттары мен нормаларының жалпы жиынтығын білдіреді.

    3. Педагогикалық әдеп ережелерін педагогтердің білуі және сақтауы олардың кәсіби қызметі мен еңбек тәртібі сапасын бағалау өлшемшарттарының бірі болып табылады.

    4. Педагогикалық әдеп мәтіні білім беру процесінің қатысушылары үшін белгілі бір қолжетімді орында орналастырылады.

    5.Педагогке қатысты талқылаулар және олардың негізінде қабылданған шешімдер педагогтің  жазбаша келісімімен ғана жария етілуі мүмкін.

    2-тарау. Педагогикалық әдептің негізгі қағидаттары

    6. Педагогикалық әдептің негізгі қағидаттары мыналар болып табылады:

    1) адалдық:

    педагогтің адалдығы олардың оқыту мен тәрбиелеу нәтижесіне, өз қызметіндегі түзетулерді жүзеге асыра білуіне, сынға және рефлексияға қабілетін дамытуға, білім алушылар мен тәрбиеленушілердің, олардың ата-аналарының (заңды өкілдерінің), әріптестерінің кез келген пікірі үшін ашықтығына жауапкершілігін білдіреді;

    2) әділдік:

    педагогтің әділдігі оның бағалау кызметінің ашықтығын, олардың құрған білім беру ортасының айқындылығын білдіреді. Әділдік педагогке білім алушылар мен тәрбиеленушілердің, олардың ата-аналарының (заңды өкілдерінің), әріптестерінің құқығын бұзуға тыйым салады;

    3) жеке тұлғаның абыройын және қадір-қасиетін құрметтеу:

    педагог өзінің кәсіби назарындағы объектілер болып табылатын білім алушылар мен тәрбиеленушілердің, олардың ата-аналарының(заңды өкілдерінің), адамдардың абыройы мен қадір-қасиетін құрметтейді, олармен қарым-қатынас жасауда әдепті болады. Ол баланың дамуын шынымен қалап, оған әрқашан көмектесуге дайын екендігін білдіріп, білім алушы мен тәрбиеленушінің жеке басының өсуіне ықпал ету мақсатында білім алушының  жетістіктерін (жетіспеушілігін) бағалауда сыпайылықты қамтамасыз етеді.

    Білім беру процесінің қатысушыларына қатысты күш көрсету, моральдық және психикалық қысым жасау әдістерін қолдануға жол бермейді;

    4) патриотизм:

    педагог өз Отаны - Қазақстан Республикасына, тарихына, дәстүрлеріне және тіліне адал және сүйіспеншілікпен қарайды. Қазақстан Республикасының мәдени және тарихи дәстүрлерін сақтайды, бұл қарым-қатынасты білім алушыларға береді.

    5) жалпы адами құндылықтарды құрметтеу және төзімділік:

    Педагог жалпы адами құндылықтардың басымдылығын мойындай отырып, әрбір ұлт мәдениетінің ерекшелігіне, құндылығына және қадір-қасиетіне құрметпен қарайды.

    Педагог ұлтаралық қатынастар мәдениетін тәрбиелейді, білім алушыларды жасына, жынысына, тіліне, ұлтына, діни көзқарасына, азаматтығына, шығу тегіне, әлеуметтік, лауазымдық және мүліктік жағдайына немесе өзге де кез келген жағдайларға қарамастан барлық ұлттар мен барлық адамдардың құқығы мен қадір-қасиетін құрметтеуге үйретеді;

    Педагогтің толеранттылығы білім алушылар мен тәрбиеленушілерге, олардың ата-аналарына (заңды өкілдеріне) төзімділікті, олардың әлеуметтік, лауазымдық және мүліктік жағдайына, жынысына, нәсіліне, ұлтына, тіліне, дінге көзқарасына, мәдениетке, наным-сеніміне, туған жері иен тұрғылықты жеріне төзімділікті, сондай-ақ жұмыста білім алушылар мен тәрбиеленушілердің жетілмегенін түсіне және ескере білуді көздейді.

    Педагог мектеп ұжымында сенім білдіру және құрметтеу ахуалын жасауға ықпал етеді;

    6) кәсіби ынтымақтастық:

    педагог кәсіптіңбеделі туралы ойлайды, әріптестерінің абыройы мен қадір-қасиетін құрметтейді, мұғалімнің беделіне нұқсан келтіретін іс-әрекеттерге жол бермейді.

    Қандай да бір нысанда өз әріптестерінің сенімін теріс пайдалануға, олардың кәсіби міндеттерін атқаруына кедергі жасауға, оларға қандай да бір шығын келтіруге жол бермейді. Педагог өз әріптестерінің теориялық және әдістемелік шеберлік деңгейін арттыруға, шығармашылық қабілетін дамытуға жәрдем көрсетеді, қиын жағдайға тап болған әріптестеріне көмеккекеледі. Кәсіби ынтымақтастық жалғандық пен әділетсіздікті ақтауға қызмет етпейді;

    7) үздіксіз кәсіби даму:

    педагог өзінің кәсіби шеберлігін, зияткерлік, шығармашылық және жалпы ғылыми деңгейін жетілдіреді.

    3-тарау. Педагогикалық әдептің негізгі нормалары

    7. Педагогтер қызметтік және қызметтік емес уақытта:

    1) педагогикалық әдептің негізгі принциптерін сақтайды;

    2) білім алушылар мен тәрбиеленушілерді жоғары адамгершілік рухына, ата-аналарына, этномәдени құндылықтарға құрмет көрсетуге, қоршаған әлемге ұқыпты қарауғатәрбиелеуге мүмкіндік жасайды;

    3) білім алушыларға Отанына - Қазақстан Республикасына құрметпен қарауды үйретеді, патриотизм рухын ұялатады;

    4) Қазақстан Республикасы педагогінің жоғары атағының беделін түсіруге мүмкіндік туғызатын іс-әрекеттерді жасауға жол бермейді;

    5) өзінің қызметтік міндеттерін адал және сапалы орындайды;

    6) өзінің кәсіби шеберлігін үздіксіз жетілдіреді, өз бетінше білім алу және өзін-өзі жетілдірумен белсенді түрде айналысады;

    7) еңбек тәртібін бұлжытпай сақтайды;

    8) білім беру ұйымының мүлкіне ұқыпты қарайды және оны жеке мақсатта пайдаланбайды;

    9) сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бойынша шаралар қабылдайды, өзінің шыншыл, адал және әділ мінез-құлқымен үлгі болады;

    10) қызметтік ақпараттарды пайдакүнемдік және өзге де жеке мақсаттарда пайдалануға жол бермейді;

    11) өзі үлгі бола отырып, ұжымда тұрақты және жағымды моральдық-психологиялық жағдай қалыптастыруға мүмкіндік жасайды;

    12) өзінің қызметтік міндеттерін орындау кезеңінде іскерлік киім үлгісін ұстанады;

    13) педагог мәртебесін пайдакүнемдік және өзге де жеке мақсаттарда пайдаланудан аулақ болады;

    14) өз қызметінде академиялық адалдық принциптерін мүлтіксіз сақтайды, соның ішінде академиялық ортада адалдық пен өзара сыйластық қалыптастыратын негізгі институционалдық құндылық ретінде академиялық адалдықты қамтамасыз етеді, педагогтің академиялық мәдениетті қалыптастыруға ықпал ететін тәлімгер ретінде өзінің білім алушылары мен тәрбиеленушілеріне құрмет көрсету, білім беру процесіне қатысушыларды академиялық адалдықтың жоғары стандарттарын алға жылжытуға және қорғауға ынталандыру және көтермелеу, педагогтің пәннің нақты саясатын, білім алушылардан күтілетін талаптарды анықтауы, білім алушылардың жауапкершілігін қамтамасыз ету және олардың академиялық адалдық қағидалары мен стандарттарын бұзғаны үшін пәрменді шаралар қабылдау, білім алушыларға білім беру, әлеуметтік және психологиялық қолдау көрсететін және академиялық әділетсіздік танытуға мүмкіндік бермейтін академиялық орта құру;

    15) материалдарды БАҚ-та, оның ішінде интернет-басылымдарда жариялайды, жеке тұлға ретінде өз атынан ғана көпшілік алдында сөйлейді, бұл ретте педагогтің жоғары атағына нұқсан келтірмей, пікірталасты дұрыс түрде жүргізуді қамтамасыз етеді, мемлекеттің лауазымды тұлғаларының атына сындарлы емес сыннан және әдепсіз пікірден тартынады, жариялауға рұқсат етілмеген қызметтік ақпаратты ашпайды, қоғамда педагогтің жоғары атағына нұқсан келтірмейді;

    16) білім беру ұйымының атынан бұқаралық сөз сөйлеулер, БАҚ жарияланымдары осы ұйымның басшысымен келісіледі;

    17)  әлеуметтік желілерде тексерілмеген және (немесе) дәйексіз және (немесе) әдепсіз ақпаратты таратпайды, қоғамда педагогтің жоғары атағын нығайтуға ықпал етеді;

    18) білім және ғылым саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыруға ықпал етеді;

    19) білім алушы мен тәрбиеленушінің жетістіктерінің (жетістікке жетпеуінің), оның әлеуметтік жағдайының, ата-анасының (заңды өкілдерінің) жұмыс орнының құпиялылығын қамтамасыз етеді және бұл мәліметтер қәмелетке толмағанбілім алушы мен тәрбиеленушінің ата-аналарының (заңды өкілдерінің) немесе қәмелетке толған білім алушы мен тәрбиеленушінің жазба келісімімен ғана жария етіледі.

    8. Білім беру процесіне қатысушылармен қарым-қатынас жасауда педагогтер:

    1) жасына, жынысына, ұлтына, діни сеніміне, азаматтығына, шығу тегіне, әлеуметтік, лауазымдық және мүліктік жағдайларына немесе кез келген өзге де мән-жайларға қарамастан адамның құқығын, абыройы мен қадір-қасиетін құрметтейді;

    2) білім беру процесіне қатысушыларға есімін атап, құрметті және мәдени түрде, сондай-ақ жалпы қабылданған моральдық-этикалық нормаларды сақтай отырып жүгінеді, білім беру процесіне қатысушылардың аты-жөнін жазуда және айтуда ерікті түрде бұрмалау фактілеріне жол бермейді;

    3) білім беру процесіне қатысушыларға қатысты қаржылық және өзге де бопсалау фактілеріне жол бермейді, өз әріптестерінің тарапынан осындай әрекеттердің жолын кесуге күш салады;

    4) өз іс-әрекетімен қоғам тарапынан дәлелді сындарға жол бермейді, оған сабырлылықпен қарайды, өзінің кәсіби қызметіндегі кемшіліктерді жою және оны жақсарту үшін сындарлы сынды пайдаланады;

    5)білім беру процесінің қатысушыларына кәсіби қолдау көрсетеді;

    6)педагогикалық әдептің бұзылуына шағым жасаған адамдарды кемсітпейді.

    9. Әріптестермен қарым-қатынас жасауда педагогтер:

    1) жалпы қабылданған моральдық-әдептілік нормаларын, сыпайылық пен биязылықты сақтайды;

    2) басқа педагогтің кәсіби біліктілігіне көпшілік алдында күмән келтірмейді;

    3) дәйексіз және дәлелсіз шағымдардан бас тартады, педагогикалық әдептің бұзылғанына шағым жасаған адамға қарсы жауап шараларын қабылдамайды.

    10.Педагогикалық этиканы бұзғаны үшін педагогтер Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жауапкершілікке тартылады.

    11. Педагогикалық әдепті сақтау мониторингі Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен білім беру ұйымдарының тиісті Педагогикалық әдеп жөніндегі кеңестері жүзеге асырады.

    Бұйрыққа №2-қосымша

    Педагогикалық әдеп жөніндегі кеңестің

    жұмысын ұйымдастырудың үлгілік қағидалары 

    1-тарау. Жалпы ережелер

    1. Осы Қағидалар педагогикалық әдеп жөніндегі кеңестің қызметін ұйымдастыруды анықтайды.

    Педагогикалық әдеп жөніндегі кеңес (бұдан әрі - Кеңес) білім беру ұйымдарында құрылатын және педагогтердің педагогикалық әдепті сақтауы мәселелерін қарайтын алқалы орган болып табылады.

    Білім беру ұйымдарының педагогикалық әдеп жөніндегі кеңесіне педагогтердің педагогикалық әдепті сақтауы мәселелері бойынша жеке және заңды тұлғалар жүгіне алады.

    2. Кеңес өз қызметін «Білім туралы», «Педагог мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының Заңдарына, осы Қағидаларға, өзге де нормативтік құқықтық актілерге сәйкес жүзеге асырады және объективтілік пен әділдік, әдептілік қағидаттарын басшылыққа алады.

    2-тарау. Кеңестің негізгі міндеттері мен өкілеттіктері

    3. Кеңестің негізгі міндеттері:

    1) педагогикалық әдептің бұзылу мониторингі, профилактикасы және оның алдын алу;

    2) білім беру ұйымы ұжымының адамгершілік-психологиялық ахуалын жақсартуға, педагогикалық әдептің бұзылуына байланысты даулы жағдайларды реттеуге ықпал ету;

    3) педагогтердің жауапкершілігі туралы мәселені дұрыс қарау үшін қажетті және жеткілікті мән-жайларды жан-жақты, толық және объективті зерттеу;

    4) педагогикалық әдепті бұзуға ықпал ететін себептер мен жағдайларды қарау және олардың негізінде білім беру ұйымының басшысына ұсынымдар әзірлеу болып табылады.

    4. Кеңес өз құзыреті шегінде:

    1) өз отырыстарында педагогтер мен қаралатын мәселелерге қатысы бар тұлғаларды тыңдайды;

    2) білім беру ұйымының алдында тұрған міндеттерді орындау үшін қажетті құжаттарды, материалдарды және ақпаратты сұратады;

    3) педагогтер мен қаралып отырған мәселелерге қатысы бар адамдардан түсіндірмелер және (немесе) түсініктемелер талап етеді;

    4) педагогикалық әдепті бұзу фактілеріне тексеріс жүргізу туралы білім беру ұйымының басшысына ұсыныстар енгізеді;

    5) білім беру ұйымының басшысына еңбек тәртібін нығайту, педагогикалық әдептің бұзылуының алдын алу бойынша ұсыныстар енгізеді;

    6) білім беру ұйымы басшысының қарауына педагогикалық әдепті бұзғаны үшін жауапкершілік туралы ұсыныстар енгізеді;

    7) Кеңестің ұсынымдарын тиісті түрде қарастырмаған білім беру ұйымының лауазымды тұлғаларының жауапкершілігін қарау туралы ұсыныстармен құзыретті мемлекеттік органдарға немесе тиісті лауазымды тұлғаларға жүгінеді;

    8) тараптарды татуластыру бойынша жұмыс жүргізеді.

    3-тарау. Кеңес қызметін ұйымдастыру

    5. Кеңестің өкілеттік мерзімі үш жылды құрайды.

    6. Кеңес төрағадан, хатшыдан және Кеңестің басқа да мүшелерінен тұрады. Кеңес мүшелерінің саны тақ болуы және 7 адамнан кем болмауы тиіс (Кеңес хатшысын есептемегенде).

    7. Кеңеске келесі тұлғалар кіреді:

    1) білім басқармаларының (бөлімдерінің) өкілдері, білім беру саласында қызметін жүзеге асыратын кәсіподақтардың және (немесе) үкіметтік емес ұйымдардың және (немесе) қоғамдық бірлестіктердің өкілдері;

    2) кемінде екі педагогог;

    3) құрметті демалысқа шыққан педагогтер.

    Білім беру ұйымының басшысы, білім беру ұйымының басқарушылық, әкімшілік, қосалқы персоналының қызметкерлері, осы білім беру ұйымының білім алушылары мен тәрбиеленушілерінің ата-аналары Кеңес құрамына оның мүшелері ретінде енгізілмейді. Бұл ретте Кеңес хатшысы ретінде білім беру ұйымының басқарушылық, әкімшілік, қосалқы персоналының қызметкерлеріне жол беріледі.

    8. Кеңес құрамына:

    1) сот әрекетке қабілетсіз немесе әрекет қабілеті шектеулі деп таныған;

    2) сот белгілі бір мерзім ішінде мемлекеттік лауазымдарды атқару құқығынан айырған;

    3) мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылығы үшін жұмыстан босатылған;

    4) бұрын сотталған немесе қылмыс жасағаны үшін қылмыстық жауаптылықтан Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 35-бабының бірінші бөлігі  3), 4), 9), 10) және 12) тармақтарының немесе    36-бабының негізінде босатылған;

    5) азаматтың қатарынан үш және одан да көп сағат ішінде дәлелді себепсіз жұмыста (қызметте) болмауы негізінде жұмыстан шығарылған жағдайларды қоспағанда, құқық қорғау органдарынан, арнаулы мемлекеттік органдар мен соттардан, әскери қызметтен теріс себептер бойынша босатылған адамдар кірмейді.

    9. Кеңес білім беру ұйымының педагогикалық кеңесінде сайланады.

    10. Білім беру ұйымының басшысы:

    1) Кеңесті қалыптастыру кезінде заңнама талаптарының сақталуын қамтамасыз етеді;

    2) Кеңесті уақтылы сайлау үшін қажетті рәсімдерді өткізуді қамтамасыз етеді;

    3) Кеңес жұмысына жағдай жасайды және жәрдем көрсетеді.

    11. Кеңес құрамы білім беру ұйымы басшысының бұйрығымен бекітіледі.

    12. Кеңестің төрағасы мен хатшысы бірінші отырыста Кеңес құрамынан көпшілік дауыспен сайланады.

    13. Кеңес хатшысы Кеңестің дауыс беруіне және кеңес отырысына шығарылатын мәселелерді талқылауға қатыспайды.

    Кеңес хатшысы Кеңестің іс қағаздарын жүргізуді қамтамасыз ететін тұлға болып табылады: мүшелер мен шақырылған адамдарды кеңес отырысының өткізілетін күні мен орны туралы хабардар ету, Кеңестің жұмыс жоспарының жобасын жасау, хаттама жүргізу және оны сақтау, өтініштер мен ұсыныстарды қабылдау, сондай-ақ Кеңестің атына келіп түсетін хаттарды тіркеу.

    Кеңес хатшысы Кеңес шешімдерінің орындалу мониторингін қамтамасыз етеді және олардың нәтижелері туралы кеңес мүшелеріне жеткізеді.

    14. Кеңес төрағасы Кеңес отырыстарын шақырады және күн тәртібін белгілейді.

    Кеңестің мүшелері:

    1) отырыстардың күн тәртібі бойынша ұсыныстар енгізеді;

    2) Кеңес отырыстарына материалдар мен оның шешімдерінің жобаларын дайындауға қатысады;

    3) Кеңес қарайтын мәселелерді талқылауға қатысады.

    Кеңестің кезектен тыс отырысы төрағаның шешімі бойынша және (немесе) білім беру ұйымы басшысының ұсынысы бойынша және (немесе) Кеңес мүшелерінің жалпы санының үштен бірінен астамының бастамасы бойынша өткізілуі мүмкін.

    15. Педагогикалық әдепті сақтау туралы мәселе қаралған кезде педагогтің:

    1) қаралып отырған мәселе туралы ақпаратты жазбаша түрде алуға;

    2) қаралып отырған мәселе бойынша барлық материалдармен танысуға;

    3) өз құқықтары мен заңды мүдделерін Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен жеке өзі немесе өкілі арқылы заңға қайшы келмейтін барлық тәсілдермен қорғауға;

    4) шешімді жазбаша түрде алуға;

    5) қабылданған шешімге Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен шағым жасауға құқығы бар.

    16. Кеңес мүшесінің қызметі осы Қағидалардың 8-тармағында көзделген мән-жайлар туындаған жағдайда, сондай-ақ Кеңес мүшесі қайтыс болған жағдайда тоқтатылады.

    17. Кеңестің шешімі бойынша Кеңес мүшесі оның құрамынан:

    1) уақытша еңбекке жарамсыздық жағдайында болған, мемлекеттік немесе қоғамдық міндеттерді орындау үшін жұмыстан босатылған, демалыста, іссапарда болған уақытты қоспағанда, Кеңес отырыстарына жыл ішінде үш реттен артық қатыспаған;

    2) Кеңес мүшесі Кеңес құрамынан шығу туралы өтініш берген;

    3) педагогке қатысты талқылау мәліметтері оның жазбаша келісімінсіз жария етілген;

    4) осы Қағидалардың 16-тармағында көзделген;

    5) осы қағидалардың 19-тармағының талаптары бұзылған жағдайларда шығарылуы мүмкін.

    18. Кеңес отырысы:

    1) егер оған Кеңес мүшелерінің жалпы санының кемінде үштен екісі қатысса, заңды деп саналады;

    2) жұмыс жоспарына сәйкес, бірақ тоқсанына бір реттен кем емес, сондай-ақ өтініштер мен шағымдардың түсуіне қарай өткізіледі;

    3) Кеңестің күн тәртібі мен күні туралы қызметкерлерді, сондай-ақ мүдделі тұлғаларды Кеңес хатшысы оны өткізгенге дейін күнтізбелік 7 күннен кешіктірмей хабардар етеді.

    Кеңес мүшелері оның отырыстарына ауыстыру құқығынсыз қатысады.

    19. Кеңес мүшесі, егер ол не онымен бірге тұратын жақын туыстары өзіне қатысты іс қаралатын адаммен туыстық қатынастармен байланысты болса, не аталған адамға қызметтік немесе өзге де тәуелді болса, іс бойынша талқылауға және дауыс беруге қатыса алмайды. Кеңес мүшесі тиісті іс бойынша талқыланғанға және Кеңес дауыс бергенге дейін осы мән-жайлар туралы Кеңес мүшелеріне хабарлайды.

    20. Кеңес отырысқа қатысып отырған Кеңес мүшелері санының қарапайым көпшілік дауысымен шешім қабылдайды. Дауыстар тең болған жағдайда төрағалық етушінің дауысы шешуші болып табылады. Кеңес мүшелері дауыс беру кезінде қалыс қала алмайды.

    21. Кеңес төрағасы болмаған жағдайда оның тапсырмасы бойынша Кеңес мүшелерінің бірі төрағаның міндеттерін атқарады.

    22. Кеңес отырысы хаттама түрінде ресімделеді, оған Кеңестің төрағасы мен хатшысы қол қояды. Кеңес отырысының хаттамасы - Кеңес отырысының барысын және онда қабылданған ұсынымдарды көрсететін ресми жазбаша құжат. Хаттама білім беру ұйымында сақталуы тиіс және білім беру ұйымының істер номенклатурасына енгізілуі тиіс.

    23. Қарау үшiн өзге субъектiлерден, лауазымды адамдардан ақпарат алу талап етiлмейтiн жеке және (немесе) заңды тұлғаның өтiнiшi келіп түскен күнінен бастап күнтiзбелiк он бес күн iшiнде Кеңесте қаралады.

    Қарау үшiн өзге субъектiлерден, лауазымды адамдардан ақпарат алу талап етiлетiн жеке және (немесе) заңды тұлғаның өтiнiшi келiп түскен күнінен бастап күнтiзбелiк отыз күн iшiнде Кеңесте қаралады және ол бойынша шешiм қабылданады.

    Оны қараудың қорытындылары туралы өтініш берушіге отырыстың өзінде не оны Кеңестің хатшысы қарау қорытындылары бойынша дереу хабарлауы тиіс.

    24. Педагогке қатысты істі қарау:

    1) еңбекке уақытша жарамсыздық;

    2) демалыста немесе іссапарда болған;

    3) мемлекеттік немесе қоғамдық міндеттерді орындау уақытында өзінің лауазымдық міндеттерін атқарудан босатылған;

    4) даярлауда, қайта даярлауда, біліктілікті арттыру курстарында және тағылымдамада болған кезеңде тоқтатылады.

    25. Хатшы жауапкершілікке тартылатын адамдарға Кеңес отырысының өткізілетін орны мен уақыты туралы күнтізбелік 7 күннен кешіктірмей хабарлау жөнінде шаралар қабылдайды.

    Кеңес отырысында істі қарау, егер жауапкершілікке тартылатын адамдарға Кеңес отырысының уақыты мен орны туралы отырыс өткізілгенге дейін кемінде үш күн бұрын тиісті түрде хабарланған болса, олардың қатысуынсыз жүргізілуі мүмкін.

    26. Осы Қағидаларда тиісті хабарлау деп адамды хатпен, тапсырыс хатпен немесе жеделхат арқылы хабардар ету танылады, ол өзіне немесе онымен бірге тұратын кәмелетке толған отбасы мүшелерінің біріне қолхат арқылы не хабарламаның немесе шақырудың тіркелуін қамтамасыз ететін өзге де байланыс құралдарын пайдалана отырып тапсырылады.

    27. Отырыста педагогтің жауапкершілігі мәселесін қарау кезінде Кеңес мына мәселелерді шешеді:

    1) педагогтің жауапкершілігін қарау үшін негіз болып табылатын нақты іс-әрекет (әрекетсіздік) орын алды ма;

    2) бұл іс-әрекет (әрекетсіздік) әдепті бұзу болып табылады ма;

    3) бұл әдепті бұзу педагог тарапынан жасалды ма;

    4) педагогтің осы бұзушылықты жасауда кінәсі бар ма.

    28. Істі қарау қорытындылары бойынша Кеңес білім беру ұйымының басшысына педагогке тиісті жаза қолдануды және (немесе) қолданбауды ұсынады.

    29. Кеңестің шешімі ұсынымдық сипатта болады.

    30. Білім беру ұйымының басшысы Кеңестің ұсынымын қарау кезінде еңбек және өзге де заңнама талаптарына сәйкес шешім қабылдайды.

    31. Педагогке қатысты талқылаулар және олардың негізінде қабылданған шешімдер оның жазбаша келісімімен ғана жариялануы мүмкін.

    Кеңес хатшысы өтініш берушіге оның өтінішін заңнамада белгіленген мерзімде қарау нәтижелерін жазбаша хабарлайды.

    Бұл ретте, өтініш берушіні «Педагог мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 16-бабы 4-тармағының және осы Қағидалардың                                 31-тармағының талаптарын сақтау қажеттігі туралы хабардар етеді.